
Шахматшы Бибісара Асаубаева қазақ тілі сабағынан шағын үзінді жариялады. Әлемнің үш дүркін чемпионы (блиц) тіл жанашырларынан қатты сөкпеуді сұрайды.
Әлемге танымал шахматшы қазақ тілін үйреніп жүргенін бұған дейін де айтқан. Осы жолы Бибісара ана тілі сабағынан үзінді жариялады.
«Менің қазақ тілін қалай үйреніп жүргенімнен қысқаша үзінді. Қатты сөге көрмеңіз. Тіл машықтығы үшін кейде осында жариялап отырамын», – деп сипаттады әлеуметтік желідегі шағын видеоны Асаубаева.
Видеода шахматшы қазақ тілінде қойылған бірнеше қарапайым сұраққа жауап беріп отыр. Мәселен, «Сіз ағылшынсыз ба?» деген сауалға ол: «Жоқ. Мен – қазақпын» деп жауап берген.
Естеріңізге сала кетейік, маусым айының аяғында Асаубаева былтыр тағайындалған II дәрежелі «Барыс» орденін алты ай өткенде ғана алды. Әлемге әйгілі қазақ шахматшысын шенділер Астанаға арнайы шақыртып, марапатты салтанатты түрде тапсырды.
Маусым айының басында Асаубаева айлығын 300 мың теңгеге дейін қысқартып тастағанына ренжіп, президентке үндеу жолдаған. Спорт министрлігіндегілер шұғыл түрде журналистерді жинап, чемпиондар «тым еркелеп кетті» деп сынаған. Бибісара болса шахматты басымдыққа ие спорт түрлерінен шығарып тастаған министрін «бағытынан адасқан» деп сөккен.