Жаңалықтар

Тоқаев Трампты АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Трамп / фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентіне құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысы Дональд Трампты Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігіне 250 жыл толуымен құттықтады.

Ақорда мәліметінше, президент Америка халқының еркіндік, теңдік және әділдік қағидаттарына бейіл екенін паш ететін бұл айтулы күннің айрықша тарихи маңызына назар аударды.

Сонымен бірге мемлекет басшысы қазақ-америка қатынастарының қарқынды дамуына президент Трамптың қосқан үлесін атап өтіп, кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал достас АҚШ халқына бақ-береке тіледі», – делінген ресми мәліметте.

4 шілде – АҚШ тәуелсіздігі күні. Құрама Штаттар тура 250 жыл бұрын, яғни 1776 жылғы 4 шілдеде Тәуелсіздік декларациясын қабылдап, Ұлыбританиядан бөлініп шыққан.