
Алматы облысында бірнеше күн қатарынан жауған нөсер жауын салдарынан өңірдің бірқатар ауданында өзендер арнасынан асты. Табиғи апат салдарын жою үшін тіпті аудандық деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған. Су деңгейі ең көп көтерілген өзендер қатарында Түрген, Ақсай, Ұзынқарғалы және Талғар өзендері бар.
Сауда үйін су басты
Өңір әкімдігінің хабарлауынша, облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев сел жүрген аумақтарды аралап, апат салдарын жою жұмыстарын тексерді.
Аймақ басшысы алдымен Қарасай ауданындағы жағдаймен танысты. Мұнда Ақсай өзеніндегі су деңгейі күрт көтеріліп, «Toimart» сауда үйінің іргелес аумағы мен жертөлесін су басқан. Адам шығыны мен зардап шеккендер болған жоқ.
Мәліметтерге қарағанда, дүкеннің жертөлесіндегі су толық шығарылып, өзен арнасы лай мен қоқыстан тазартылды.
Жаңатұрмыстағы жағдай
Қарасай ауданының Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьері» аумағында өзен жағалауын су шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігіндегі топырақ сырғыды. Мұнда ауқымды инженерлік жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, өзен арнасының 280 метрі 4 метрге тереңдетіліп, ал ені 5 метрге дейін кеңейтілген.
Түрген тасыды
Еңбекшіқазақ ауданындағы «Түрген – Асы» автомобиль жолының 24 және 26-шақырымдарында тас көшкіні жүріп, өзеннің арнасынан шығуына байланысты жол жабылды. Өзен бойында орналасқан 17 киіз үйді су басты. Уақытша көпірлердің бір бөлігі зақымданды.
Төрт күн ішінде жүзден астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Таулы аумақтарға адамдардың баруына уақытша шектеу қойылып, полиция бекеттері мен кезекшілік ұйымдастырылды
Әкім тапсырмасы
Облыс әкімі жауапты мекемелерге төтенше жағдай салдарын жою жұмыстарын сапалы әрі қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
«Қауіп толық сейілгенге дейін барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуі тиіс. Ең бастысы – мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін алдын алу шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру маңызды», – деді Сұлтанғазиев.
«Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, облыстың таулы аумақтарында жауын-шашынға байланысты қауіп толық сейілген жоқ. Осыған байланысты өңірдегі жағдай толық бақылауда болады.
Бұған дейін Алматының төтенше жағдайлар басқармасы 4-5 шілдеде таулы аудандарда сел жүру қаупі жоғары екенін ескерткен. Сенбіде жауған жаңбырдан мегаполис көшелерін су басқан.