Жаңалықтар

«Ақ жол» партиясы Құрылтай сайлауына қатысу үшін 63 кандидатты бекітті

«Ақ жол» партиясы Құрылтай сайлауына қатысу үшін 63 кандидатты бекітті / Фото: Ақжол партиясы

Тізімге еліміздің барлық өңірлерінің, отандық кәсіпкерліктің, сарапшылар қауымдастығының және қоғамдық қызметтің түрлі салаларының өкілдері енді.

«Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанада өткен сайлау алдындағы съезде сайлауалды бағдарлама мен Құрылтай депутаттығына кандидаттардың тізімі бекітілді.

Съезд жұмысына партия басшылығы, Саяси кеңес мүшелері, өкілдік нормаларына сәйкес өңірлік партиялық конференцияларда сайланған 200-ден астам делегат, депутаттар, жастар қанаты мен кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері қатысты. Съездің басты оқиғасы «Ақ жол» Демократиялық партиясының «Өзгерістерден қашып құтыла алмайсың» атты сайлауалды бағдарламасының таныстырылымы болды.

«Халық Конституциясы Қазақстанның дамуында жаңа дәуірді ашты, сондықтан бүгінде елге саяси өзгерістер ғана емес, сонымен бірге тұрақты экономикалық өсімді, әділ бәсекелестікті, тиімді мемлекеттік басқаруды және азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ете алатын нақты шешімдер қажет», — деп атап өтті партия төрағасы Дания Еспаева.

Оның айтуынша, бағдарлама партияның көпжылдық бастамаларын біріктіреді және елдің бұдан былайғы дамуына – тәуелсіздік пен ұлттық мүдделерді қорғаудан бастап, парламентаризмді нығайтуға, кәсіпкерлікті қолдауға, сыбайлас жемқорлықпен күреске, адами капиталды, заманауи технологиялар мен еркін нарықтық экономиканы дамытуға дейінгі кешенді көзқарасты ұсынады.

Талқылау қорытындысы бойынша съез «Ақ жол» Демократиялық партиясының «Өзгерістерден қашып құтыла алмайсың» атты саяси бағдарламасын бекітті.

Сондай-ақ, съез Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітті. Оған 63 кандидат енді. Олар еліміздің барлық өңірлерінің, отандық кәсіпкерліктің, сарапшылар қауымдастығының және қоғамдық қызметтің түрлі салаларының өкілдері.

Айта кетейік, осыған дейін «Ақ жол» демократиялық партиясын 15 жыл басқарған Азат Перуашев өз өкілеттігін тоқтататынын, орнына Дания Еспаева тағайындалған еді.