Жаңалықтар

Аудиторлық палата «Қазавтожол» мен «Жасыл даму» жобасын тексермекші

Ақорда Әлихан Смайылов
фото: Ақорда

Жоғары аудиторлық палата осы жылы «Қазавтожол» ұлттық компаниясы мен «Жасыл даму» жобасына тексеру жүргізбек. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Одан бөлек «Ауыл – ел бесігі» тәрізді ұлттық жобалар, Шымкент қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары, фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктері де тексеріледі.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың сөзінше, жыл басынан бері жалпы сомасы 5,8 трлн теңге болатын 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілген. Оның ішінде кей өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар, «Проблемалық кредиттер қоры», «Аграрлық корпорация», «Қазпошта», «Ақтау теңіз порты» акционерлік қоғамдары тексерілген. Кемшіліктер анықталып, мемлекет бюджетіне 128 млрд теңге қайтарылды.

Енді екінші жартыжылдықта жалпы 20 мемлекеттік аудитті аяқтау жоспарланған. Жаңа Құрылтаймен бірлесе отырып, 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы да бағаланады.

Өткен айда аудиторлар «Болашақ» бағдарламасына аудит жүргізіп, талапқа сай емес 800 адамға негізсіз шәкіртақы тағайындағанын анықтады. Бекітілген лимиттен тыс тағы 151 стипендия артық берілген. Аудиторлар бұл шығынды 2,5 млрд теңге көлеміндегі «тиімсіз жұмсалған қаражат» деп бағалады.