Қоғам

«Біз қорқып отырдық»: Матаев ісіндегі куә төбелестің қалай басталғанын айтып берді

казтаг и фридом
Фото: Kursiv.media

Алматының Алмалы ауданы сотында «ҚазТАГ» бас директоры Әсет Матаевқа қатысты «бұзақылық» әрекеті қаралып жатыр. 2026 жылдың 7 шілдесіндегі сот отырысына 16 жастағы Серік Ясин куә ретінде қатысты.

Куә не деді?

Куә Ясиннің айтуынша, жанжал түнгі сағат бір шамасында екі қызбен бірге кинотеатрдан шыққаннан кейін басталған. Ясиннің сөзінше, жанжалды қылмыстық істегі сотталушылар бастаған.

«Олардың мас екенін байқадық. Мас екені сөйлеген сөздерінен-ақ көрініп тұрды, айналасындағылардың бәрін балағаттады. Олардан алкоголь иісі шығып тұрды», – деді куә сотта.

Айтуынша, жанжал Матаев пен Рамазанов Арланды боқтағаннан кейін басталған. Ерегіс әрі қарай төбелеске ұласқан.

«(сотталушы – ред.) Әсет (куә – ред.) Арланды ойламаған жерден ұрып жіберді. Алғаш болып Матаев Арланды ұрмақ болды, бірақ соққысы тимеді. Арлан құлап, кейін орнынан тұрып, қолындағы құрылғыны (балонный ключ – ред.) сермей бастады», – деді куәгер.

Серік Ясин танысын соққыдан қорғауға тырысып, өзі де күш қолданған.

«Әсет Арланды ұрмақ болды, мен Әсеттің жамбас тұсына соққы жасадым», – деді ол.

Төбелеске оқиға орнында болған қыздар да араласқан. Куәнің айтуынша, қыздар Арланды қорғау үшін ер адамдарды жұдырықпен ұра бастаған.

Ясиннің сөзінше, Рамазанов ешкімге дене жарақатын салмаған, бірақ көлікке зақым келтірген.

«Көліктің жүргізуші жағындағы бөлігіне зақым келді. Терезені ұрды, бірақ әйнегі сынған жоқ. Көлікке зақым келтірген Уәлихан еді», – деді ол.

Жасөспірім сотта жанжал кезінде қандай күйде болғанын да айтып берді.

«Шынымды айтсам, көлік ішінде отырған кезде қатты қорықтым. Қыздар да қатты қорықты», – деді Ясин.

Жанжал қалай басталды?

Оқиға 17 наурызынан 18 наурызына қараған түні болған. Алматылық Ислам Амираджанов пен Арлан Айымбетов «Достық Плаза» сауда ойын-сауық орталығы жанындағы тұрақта тұрған Toyota Camry көлігінде отырған. Сол кезде олардың көлігіне Рамазанов пен Матаев жақындаған. Екеуінің бірі жас жігіттерді қыз деп ойлап, «Бойжеткен, бұл такси емес пе?» деген.

Содан кейін екеуі таксиге отырып кетіп қалады. Алайда бағдаршамда жастар мінген көлік пен такси кездескен. Амираджановтың айтуынша, олар екі ер адамның бұған дейін не демек болғанын сұрағысы келген. Содан кейін екі жақ арасында жанжал шыққан. Екі көлік жол бойына тоқтап, жанжал төбелеске ұласқан.

Қылмыстық іс

Әсет Матаевқа тағылған екінші айып оның «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС құрылтайшысы әрі бас директоры қызметіне байланысты болып отыр. Оның тікелей лауазымдық міндетіне компанияға жалпы басшылық жасау, стратегиясын айқындау, сондай-ақ компанияның операциялық қызметін бақылау кірген.

Айыптау актісіне сәйкес, 2025 жылдың 3 сәуірі мен 13 маусымы аралығында Матаев өз міндеттеріне салғырт қарап, ақпарат агенттігінің бас редактор Әмір Қасеновтің қызметіне тиісті бақылау жүргізбеген. Соның салдарынан «ҚазТАГ» сайтында «Фридом Финанс» АҚ-ның қызметіне қатысты көрінеу жалған ақпарат қамтылған бірқатар материал жарияланған.

Айта кетейік, «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» арасындағы сот процесі 15 маусымда басталды. «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов пен Астана тұрғыны Жанна Қапароваға көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған. «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» арасындағы даудың қалай басталғанын мына жерден оқи аласыздар.