Жаңалықтар

Елге 500 млн теңгенің вейпі заңсыз әкелінбек болған

Құны 500 миллион теңге болатын вейп контрабандасының жолы кесілді
Құны 500 миллион теңге болатын вейп контрабандасының жолы кесілді / фото: ҰҚК

Қостанай облысындағы «Қайрақ» автокөлік өткізу пунктінде Қазақстан аумағына ірі көлемде «вейп» өнімдерін заңсыз кіргізу әрекеті әшкереленді.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, Шекара қызметі жүк көлігінің тіркемесіндегі басқа тауарлардың арасына жасырылған 27 624 дана тыйым салынған өнімді тауып алған.

«Алдын ала есептеулер бойынша, тәркіленген электронды темекілердің құны 500 миллион теңгені құрайды», – делінген ведомство хабарламасында.

Бұл дерек бойынша жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін құзырлы органға тапсырылды.

ҰҚК Қазақстанда шегілмейтін темекі өнімдерін, электронды темекілерді, сондай-ақ оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге тыйым салынғанын ескертеді.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті вейптерді есірткі тәрізді сатқан қылмыстық топтың қызметін әшкереледі.