
Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевқа мамыр айынан бері көрші елдерге Қазақстаннан қанша бензин жөнелтілгені туралы сұрақ қойылды.
Алайда вице-министр ведомствода мұндай деректердің жоқ екенін айтты.
«Бұл сұрақпен Қаржы министрлігіне немесе Шекара қызметіне жүгіну қажет деп ойлаймын. Қазіргі уақытта бізде мұндай жалпы мәліметтер жоқ. Біз өзіміздің қанша өндіретінімізді, қанша тұтынатынымызды білеміз, ал сыртқа шығару бойынша сұрақ басқа мемлекеттік органдардың құзыретінде», – деп жауап берді ол.
Ресейдің ірі жүк көліктері Қазақстанды арзан жағармай бекетіне айналдырды. Осыған байланысты вице-министрге алдағы күзгі жиын-терім маусымында ішкі нарықта тапшылық туындамас үшін шетелдік көліктерге жанар-жағармай сатуға шектеу енгізілмей ме деген сұрақ та қойылды.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда қандай да бір шектеу енгізу туралы сұрақтар қарастырылып жатқан жоқ.
«Қазіргі таңда қандай да бір шектеу енгізу туралы сұрақтар қарастырылып жатқан жоқ. Ауыл шаруашылық саласындағы компанияларда дизель отынымен тапшылық жоқ. Себебі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының және жеке жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен тиісті дизель отынын бөлу графигіне қол қойдық. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге бұл жұмысты толыққанды аяқтадық. Сондықтан күзгі дала жұмыстары кезінде диқандар үшін ешқандай дефицит болмайды», – деді Тұтқышбаев.
Бұған дейін Тұтқышбаев Қырғызстанға бензин жеткізу мәселесі талқыланып жатқанын айтқан еді. Себебі Қырғызстан тарапынан бензинге ресми сұраныс түскен.