
Әкімдер мен министрлер мінетін Kia K9 седанының өндірісі тоқтайды. Оңтүстіккореялық компания модельді 14 жылдан кейін өндірістен алып тастау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы The Korean Car Blog басылымы хабарлады.
Kia K9 қазақстандық шенеуніктердің сүйікті көлігі
Әлемдік нарықта сатылымы жоғары болмағанына қарамастан, Қазақстанда Kia K9 жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер арасында кеңінен қолданылды.
Кейінірек Өнеркәсіп және құрылыс министрі де көптеген мемлекеттік органдардың басшылары дәл осы Kia K9 көлігімен қатынайтынын растаған еді.
Сатылымы бірнеше есе төмендеді
Kia K9-дың алғашқы буыны 2012 жылы таныстырылып, компанияның бұрынғы Kia Opirus моделін алмастырды. Сол кезде бұл седан кореялық брендтің немістің премиум-класты автокөліктерімен бәсекелесе алатынын дәлелдеуі тиіс болатын.
Алайда соңғы жылдары модельге деген сұраныс күрт төмендеп, сатылым көлемі бірнеше есе азайды.
Егер 2022 жылы Kia компаниясы K9 моделінің 6,6 мың данасын сатқан болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3,9 мың көлікке дейін төмендеген. 2024 жылы модельді таңдағандар саны 1,9 мыңға да жетпесе, 2025 жылы бар болғаны 1,6 мың көлік сатылған.
Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында компания небәрі 734 Kia K9 сатқан. Бұл – модель тарихындағы ең төменгі көрсеткіш.
Kia неге флагман моделінен бас тартты
Басылымның мәліметінше, бұған бірнеше себеп әсер еткен. Ең бастысы – Genesis брендімен ішкі бәсекелестіктің күшеюі. Сатып алушылар бір концернге қарайтын Genesis G80 және G90 модельлерін жиі таңдай бастаған.
Сонымен қатар нарықта премиум санаттағы кроссоверлерге сұраныс қарқынды өсіп келеді. Көптеген тұтынушы өкілдік кластағы седанның орнына дәл сондай жайлылық ұсынатын жол талғамайтын көліктерді таңдауға көшкен.
Модельдің тағы бір әлсіз тұсы – гибридті нұсқасының болмауы. Бәсекелес компаниялар өздерінің флагман көліктерін кезең-кезеңімен гибридті немесе электрлендірілген күштік қондырғыларға көшіріп жатқанда, Kia K9 тек бензин қозғалтқыштарымен ғана ұсынылды.
Kia K9-дың мұрагері әзірге болмайды
Kia компаниясы қазіргі буындағы K9 моделі соңғысы болатынын мәлімдеді. Компания бұл көлікке кезекті рестайлинг жасауды да, оның орнына мүлде жаңа модель шығаруды да жоспарлап отырған жоқ.
Осылайша, Kia K9 өндірістен алынғаннан кейін компания ірі өкілдік санаттағы седандар сегментінен іс жүзінде кетеді. Енді бренд кроссоверлер мен электр көліктерді дамытуға басымдық бермек.