Жаңалықтар

Конституциялық Сот: Тоқаев сайлауға түсуге құқылы

Akorda, referendum, constitution
Фото: Ақорда

Конституциялық сот жаңа Конституциядағы лауазымды адамды тағайындау мен сайлау мәртебесі туралы нормаларға түсініктеме берді.

Түсініктемеде жаңа конституция қызметке сайлануға, не лауазымға тағайындалуға құқықтық кедергі болмайтыны айтылған.

«2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын осы конституциялық нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін деп түсіну керек», – деп жазылған сот хабарламасында.

Яғни 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін конституциялық нормаларда аталған лауазымдар өз қызметіне алғаш рет сайланды не тағайындалды деп есептеледі. Бұл өзгеріске сәйкес, мемлекет басшысы Тоқаевтың осыған дейінгі президенттік мерзімі жойылып, жаңадан сайлауға түсуіне жол ашылады.

Қазіргі қолданыстағы Ата Заң бойынша, президент 7 жылға бір рет қана сайлана алады. Соңғы рет 2022 жылы 20 қарашада ресми президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Оның президенттік мерзімі 2029 жылы аяқталуы керек.

Бұған дейін мәжіліс депутаты Айдос Сарым мемлекет басшысы енді сайлауға түспеуі мүмкін екенін айтқан. «Президентімізді билікке бар күшімен жабысып, оны бергісі келмейтін адам деп санамаймын» деген еді ол.

Еске салайық, бірінші шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді.