Жаңалықтар

Миллиардер Аблазимовқа тиесілі зауыт бас директоры былтыр 112 млн теңге алған

Зауыттың бас директоры алған сыйақы көлемі жарияланды / Фото: ҚазАзот, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Миллиардер Бахаридин Аблазимовке тиесілі «ҚазАзот» зауытының бас директоры 2025 жылы 112 млн теңгеге жуық сыйақы алған. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламада жазылған.

Зауыттың бас директоры Арман Мәулешов кәсіпорынды 2018 жылдан басқарып келеді. 2020-2022 жылдары бас директор 300 млн теңгенің айналасында айлық алып келген. Тіпті 2022 жылы алған сыйақысы 336 млн теңгеге жеткен.

Алайда кейінгі жылдары сыйақысы үш есе азайып, 120 млн теңгеден аспаған.

«ҚазАзот» – Қазақстанда аммиак пен аммиак селитрасын шығаратын жалғыз өндіріс. Кәсіпорын елге тыңайтқыш жеткізеді. Зауыт аумағында аммиак, азот қышқылы, химиялық реагенттер сақтайтын қоймалар орналасқан. 

«ҚазАзот» акцияларының 85%-ы Kazakhstan Petrochemicals компаниясына тиесілі, ал қалған 15%-ын кәсіпкер Бахаридин Аблазимов иеленеді. Зауыттың түпкі иесі де – Аблазимовтың өзі.

Ол қазақстанда ең бай кәсіпкерлердің бірі, «ҚазАзот» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы. Forbes Kazakhstan басылымының мәліметінше, кәсіпкер 327 мың доллар байлығымен елдегі ең дәулетті 75 бизнесмен рейтингінде 35-орында тұр.