
7-10 шілде аралығында Қазақстанда педагогтердің білімін бағалауға өтініштер қабылдау жүріп жатыр. Ұлттық тестілеу орталығынан хабарлауынша, app.testcenter.kz сайтында тіркелуге болады.
«Модератор», «сарапшы», «зерттеуші» және «шебер» санаттарынан үміткер педагогтер үшін тестілеу 14-19 шілде аралығында өтеді. Бұл ретте 2026 жылы олар үшін тек екінші мүмкіндік қарастырылған.
«Педагог» санаты үшін білімді бағалау 17 шілдеде өтеді.
«Модератор», «сарапшы», «зерттеуші» және «шебер» санаттары үшін екінші мүмкіндіктің құны 5640 теңгені құрайды. Бұл ретте сәуір айында төленген төлемді қайтаруды рәсімдемеген үміткерлер үшін өтініш беру кезінде бұл сома автоматты түрде есепке алынады. Бұған дейін қаражатты қайтарып алғандар қатысу ақысын қайта төлеуі қажет.
«Педагог» санаты үшін 2026 жылғы бірінші мүмкіндік тегін беріледі, одан кейінгі әрбір мүмкіндік 5640 теңге болады.
Педагогтердің білімін бағалау туралы толық ақпарат Ұлттық тестілеу орталығының сайтында «Тестіленушілерге» → «Педагогтердің білімін бағалау» бөлімінде жарияланған.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстанда педагогтерді аттестаттау кезінде авторлық бағдарламаларды міндетті түрде әзірлеу талабы алынғанын айтқан еді.