
Қазақстан футболының тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихын екі тізім арқылы түсіндіруге болады. Біріншісі – федерация президенттері. Олар жүйенің бағытын, қаржысын, стратегиясын айқындады. Екіншісі – ұлттық құраманың бас бапкерлері. Олар сол жүйенің нәтижесін алаңда көрсетуге тырысты. Kursiv.Media 1992-2026 жылдары Қазақстан Ұлттық құрамасын кімдер басқарғанын және қандай жетістікке жеткенін саралап көрді.
1992 жылдан бері Қазақстан футболы бірнеше үлкен кезеңнен өтті: Азия футболынан бастады, кейін УЕФА-ға өтті, клубтар еурокубокта ойнай бастады, ал ұлттық құрама бірде ауыр жеңілістермен, бірде күтпеген серпілістермен есте қалды. Қазақстан 1992 жылы ФИФА мен Азия футбол конфедерациясына қабылданды, ал 2002 жылы Стокгольмдегі УЕФА конгресінде Еуропа футбол қауымдастықтары одағының мүшесі болды.

Федерацияны кімдер басқарды?
Қазақстан футбол федерациясының басшылығы жиі ауысты, бірақ президенттер тізімі бапкерлермен салыстырғанда әлдеқайда қысқа. Ел футболын Заманбек Нұрқаділов, Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Рахат Әлиев, Әділбек Жақсыбеков, Ерлан Қожағапанов, Сейілда Байшақов, Әділет Барменқұлов және Марат Омаров басқарды. Әділбек Жақсыбеков бұл қызметке екі рет келген. Ал қазіргі президент – Марат Омаров, ол 2024 жылғы 20 желтоқсанда ҚФФ президенті болып сайланды.
Президенттер тарихындағы ең үлкен шешім – Қазақстанның Азиядан Еуропаға ауысуы. Бұл қадам ел футболына ауыр бәсеке әкелді. Бірақ сонымен бірге клубтар мен құрамаға УЕФА стандарттары, жаңа турнирлер, басқа деңгейдегі қарсыластар келді.
Ал бапкерлер жиі ауысты
Егер президенттер жүйенің бағытын белгілесе, бапкерлер сол бағыттың нәтижесін алаңда көрсетті. Қазақстан құрамасын 1992 жылдан бері отандық та, шетелдік те мамандар жаттықтырды. Кейбірі бірнеше жыл жұмыс істеді, кейбірі бірнеше ай ғана отырды, ал кей мамандар уақытша міндет атқарушы ретінде ғана командаға жетекшілік етті.
Жоғарыдағы кесте ұлттық құраманы басқарған негізгі бапкерлердің хронологиясын көрсетеді. Негізгі мерзімдер Transfermarkt-тағы бас бапкерлер тарихына сүйеніп берілді, ал 2025–2026 жылдардағы Талғат Байсуфинов кезеңі ҚФФ-тың ресми хабарламаларымен нақтыланды.
Ең көп есте қалған кезең – Адиев дәуірі
Қазақстан құрамасының кейінгі тарихындағы ең жарқын кезеңдердің бірі Магомед Адиевпен байланысты. Оның командасы Еуро-2024 іріктеуінде 18 ұпай жинап, 6 жеңіске жетті. ҚФФ тарих бетінде бұл нәтиже рекорд ретінде көрсетілген. Қазақстан Еуропа чемпионатына тікелей шығу үшін соңғы турға дейін таласты.
Бұл кезеңде жанкүйердің ұлттық құрамаға көзқарасы өзгерді. Бұрын Қазақстан матчтары көбіне «жеңілдік, ұтылдық, келесі жолы» деген көңіл күймен қабылданса, Адиев кезінде құрамаға сенім пайда болды. Данияны жеңу, Солтүстік Ирландиямен тартысты ойындар, Финляндияға қарсы нәтижелер – бәрі ұлттық құраманы қайтадан ел назарындағы командаға айналдырды.
Бірақ бұл серпін ұзаққа созылмады. Адиев кеткеннен кейін бапкерлік тұрақтылық қайта бұзылды. Руслан Балтиев уақытша басқарды, кейін Станислав Черчесов келді, одан соң Әли Әлиев, кейін тағы Талғат Байсуфинов. Бірнеше жыл ішінде бірнеше маманның ауысуы ұлттық құраманың жүйелі дамуына әсер етпей қоймады.
Талғат Байсуфинов неге бөлек аталады?
Талғат Байсуфинов – Қазақстан құрамасын бірнеше рет басқарған маман. Ол 2016-2017 жылдары, 2020-2022 жылдары және 2025-2026 жылдары ұлттық құрамамен жұмыс істеді. 2025 жылдың күзінде ол бас бапкер міндетін уақытша атқарушы болды, ал 2026 жылдың қаңтарында ресми түрде бас бапкер қызметіне тағайындалды.
Байсуфиновтың ерекшелігі – ол құраманы дағдарыс кезеңдерінде жиі қабылдады. Яғни федерация шетелдік немесе жаңа маман іздеп жатқан кезде, ұлттық құраманы уақытша ұстап тұратын отандық бапкер ретінде көрінді. Бұл бір жағынан оның тәжірибесін көрсетеді. Екінші жағынан, Қазақстан футболындағы ұзақ мерзімді бапкерлік стратегияның әлсіздігін де байқатады. 2026 жылғы 22 маусымда ҚФФ Байсуфиновтың қызметінен кеткенін хабарлады.
Шетелдік бапкерлер не берді?
Қазақстан құрамасына Арно Пайперс, Бернд Шторк, Мирослав Беранек, Юрий Красножан, Станимир Стоилов, Михал Билек, Станислав Черчесов сияқты шетелдік мамандар келді. Олардың әрқайсысы үлкен үмітпен шақырылды. Бірақ нәтиже әрдайым күткендей бола бермеді.
Мәселе тек бапкерде емес. Ұлттық құраманың деңгейіне ішкі чемпионаттың сапасы, клубтардың қаржылық тұрақтылығы, балалар футболының жүйесі, легионер лимиті, футболшылардың халықаралық тәжірибесі тікелей әсер етеді. Сондықтан бір бапкерді ауыстыру арқылы ғана нәтиже күрт өзгермейді.
Федерация мен бапкер арасындағы байланыс
Федерация президенттері мен бас бапкерлердің тарихын қатар қарасақ, бір заңдылық байқалады: президент ауысқан сайын футболдағы басымдық та өзгереді. Бір кезеңде басты назар УЕФА-ға өтуге ауды. Келесі бір кезеңде инфрақұрылым мен балалар футболы айтылды. Кейін ұлттық құраманың нәтижесі бірінші орынға шықты.
Ал бапкерлер сол өзгерістердің қысымын тікелей сезінді. Бірі Еуропа футболына енді бейімделіп жатқан құраманы қабылдады. Бірі жанкүйер сенімі азайған кезде келді. Бірі тарихи мүмкіндік туған сәтте жұмыс істеді. Бірі небәрі бірнеше ойыннан кейін қызметінен кетті.
Сондықтан Қазақстан құрамасының бапкерлер тізімі – жай кадрлық хронология емес. Бұл ел футболының тұрақсыздығы мен ізденісінің көрінісі.