
2026 жылғы 25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы жүргізуші куәліктерін өзара тану және алмастыру туралы меморандум күшіне енеді.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аңа инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, меморандумның басты мақсаты – Қазақстан мен БАӘ азаматтарының жүріп-тұруын жеңілдету және көлік басқару мен жүргізуші куәлігін алмастыру кезінде оларды артық әкімшілік рәсімдерден босату.
Енді БАӘ-ге туристік, іскерлік немесе жеке мақсатпен келетін Қазақстан азаматтары қолданыстағы қазақстандық ұлттық жүргізуші куәлігімен көлік басқара алады. Дәл осындай тәртіп БАӘ азаматтары үшін де Қазақстанда қолданылады.
Бұдан бөлек, БАӘ-де тұруға ықтиярхат алған қазақстандықтар жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ алмастыра алады. Бұл норма тек B және B1 санаттарына (жеңіл автокөліктер) ғана қолданылады.
Куәлікті алмастыру үшін мыналар қажет:
- тұруға ықтиярхаттың болуы;
- B немесе B1 санатындағы ұлттық жүргізуші куәлігі;
- 18 жасқа толуы;
- жүргізуші куәлігінің баратын елдің мемлекеттік тіліне ресми аудармасы;
- медициналық тексеруден өту.
Бұл ретте ұлттық жүргізуші куәлігі иесінде қалады. Екі елдің құзыретті органдары жасалған алмасу туралы бір-біріне тек хабарлама жіберіп отырады.
ІІМ, сонымен қатар, шетелге шығатын Қазақстан азаматтарына баратын елдің заңнамасымен және жол жүру ережелерімен алдын ала танысып, оларды қатаң сақтау қажеттігін еске салды.
Айта кетейік, бұл келісім Абу-Дабиде Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен БАӘ премьер-министрінің орынбасары Шейх Саиф бен Заид Әл Нахаян кездесуінде талқыланған.
