
Алматыда «ҚазТАГ» бас директоры Әсет Матаев пен басқа да айыпталушыларға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 7 шілдеде Line Brew Dostyk Plaza мейрамханасында жұмыс істейтін Юрий Ким сотқа куә ретінде қатысып, төбелес шыққан кеш туралы айтып берді.
Айта кетейік, жанжалдан кейін Әсет Матаевқа «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалған.
Куәнің сөзінше, сотталушылар мейрамханада тамақтанып, алкогольдік ішімдік ішкен. Мейрамханадағы түбіртекке сәйкес, сотталушылар стейкке, морс, минералды су және әрқайсысы 50 мл болатын 20 порция араққа тапсырыс берген (жалпы бір литр – ред.).
Қызмет көрсету ақысы мен жеңілдік есептелгеннен кейін жалпы сома 80 646 теңге шыққан.
Бұған дейін сотқа қатысқан куә Ясин Серіктің айтуынша, ерегісті қылмыстық істегі сотталушылар бастаған.
Қылмыстық іс
Әсет Матаевқа тағылған екінші айып оның «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС құрылтайшысы әрі бас директоры қызметіне байланысты болып отыр. Оның тікелей лауазымдық міндетіне компанияға жалпы басшылық жасау, стратегиясын айқындау, сондай-ақ компанияның операциялық қызметін бақылау кірген.
Айыптау актісіне сәйкес, 2025 жылдың 3 сәуірі мен 13 маусымы аралығында Матаев өз міндеттеріне салғырт қарап, ақпарат агенттігінің бас редактор Әмір Қасеновтің қызметіне тиісті бақылау жүргізбеген. Соның салдарынан «ҚазТАГ» сайтында «Фридом Финанс» АҚ-ның қызметіне қатысты көрінеу жалған ақпарат қамтылған бірқатар материал жарияланған.
Айта кетейік, «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» арасындағы сот процесі 15 маусымда басталды. «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов пен Астана тұрғыны Жанна Қапароваға көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.