Жаңалықтар

Қырғыз шекарашылары мен арнайы жасақ арасында атыс болды

shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Қырғыз шекарашылары мен арнайы жасақ арасында атыс болып, 27 адам ұсталған. Арнайы операция туралы жаңа мәлімет шықты.

24.kg ақпаратына қарағанда, 5 шілде күні кешке Баткен облысындағы «Қадамжай-автожол» және «Чечме-автожол» бақылау-өткізу бекеттерінде өткен арнайы операцияның жаңа мәліметтері белгілі болды.

Дереккөздердің хабарлауынша, сағат 19:00 шамасында Баткен облысы бойынша ҰҚМК қызметкерлері «Альфа» арнайы жасағымен бірлесіп, Шекара қызметі, кеден және ветеринариялық қызметтің қызметкерлерін ұстаған. Олар сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген.

Алдын ала мәлімет бойынша, «Қадамжай-автожол» бекетінде кезекшілікте тұрған прапорщик Ш.Р. арнайы қызмет өкілдері келген кезде төрт рет оқ атқан. Сондай-ақ сержант Р. бір рет ескерту ретінде аспанға оқ атқан. Қару қолданудың мән-жайы мен заңдылығы анықталып жатыр.

Тінту барысында шекарашылардан 38,5 мың сом, 5 млн 484 мың өзбек сумы, сондай-ақ қызметтік JAC-3202 автокөлігінен тағы 200 мың өзбек сумы табылған. Көлік жүргізушісінің айтуынша, бұл қаражат қызметтік көлікке қаптама сатып алу үшін алдын ала айырбасталған.

Кеден қызметкерлерінен де 100 мың сом және АҚШ долларымен ақша тәркіленген. Оның нақты көлемі нақтылануда.

Бұдан бөлек, дереккөздердің мәліметінше, «Чечме-автожол» бекетінің қызметкерлері – прапорщик С.Н. мен ефрейтор Р.Б. бейнебақылау камераларына заңсыз ақша алу сәтінде түсіп қалған.

Арнайы операция барысында ҰҚМК-ның Баткен облыстық басқармасына барлығы 27 адам жеткізілген. Оның ішінде 11 әскери қызметкер «Чечме-автожол» бекетінен, ал 16 әскери қызметкер «Қадамжай-автожол» бекетінен ұсталған. Сонымен қатар екі АК-74 автоматы, екі оқжатар және 60 оқ тәркіленген.

Тергеу амалдарына байланысты екі өткізу бекетінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Сол кезде кезекте 3 мыңға жуық адам мен 400 автокөлік тұрған. Кейінірек «Қадамжай-автожол» бекеті арқылы қозғалыс қайта жанданды.

Материал жарияланған сәтке дейін Қырғызстанның ҰҚМК арнайы операцияға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Мұның алдында Қырғызстанда көшеде бірін-бірі көлікпен қуып, атысқан 22 адам ұсталған болатын.