Жаңалықтар

Роналдудың тұсауын кескен қазақтар болып шықты

Reuters/Maria Lysaker, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
Reuters/Maria Lysaker, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналдудың футбол алаңында тұсауын кескен қазақ футболшылары екен.

Танымал журналист Сәкен Сыбайбай әлеуметтік желі арқылы танымал футболшының алғашқы қадамы туралы айтып берді.

«Криштиану Роналду – ұлы футболшы!», «Ол – бәрібір аңыз адам!», «Әлем чемпионы болмаса да, футбол тарихында мәңгі қалар тұлға!»... Таң атқалы осындай мазмұндағы отыз пост оқыған шығармын. Немене, «Криш – ұлы футболшы емес, аңыз адам емес, ол әлем чемпионы бола алмады, бола алмады, бола алмады, ай-яй-яй!» деп майда балаларша мазақтап жатқан біреу бар ма?» – деп сауал тастады журналист.

Сәкен Сыбанбайдың пікірінше, кешегі матч ұлы футболшының ұлттық құрама сапындағы соңғы матчы болуы мүмкін. Ол Роналду Португалия құрамындағы алғашқы ойынын кімге қарсы өткізгенін де атады.

«2003 жыл. 20 тамыз. Пиреней түбегінің ең батыс бұрышындағы шағын Шавеш қаласында Португалия мен Қазақстан жолдастық кездесу өткізді. Бірінші тайм 0:0 боп аяқталды. Үзілістен соң жасыл алаңға 18 жасар Криштиану Роналду шықты. Атақты Луиш Фигудың орнына», – деп жазды журналист.  

Сол ойында матч тағдырын шешкен жалғыз голды 65-минутта алаңға Кришпен қатар 46-минутта шыққан Симау Саброза соғыпты.

«Қазақстан құрамасының сапында Юрий Новиков, Самат Сымақов, Әлібек Бөлешев, Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Карпович, Евгений Ловчев, Қайрат Нұрдәулетов және т.б. ойнаған болатын. Яғни К.Роналдудың ұлттық құрамадағы ұлы жолында тұсауын біз кескенбіз десек те жарасады», – дейді Сәкен Сыбанбай.

Криштиану Роналду үшін 2026 жылғы Әлем чемпионаты соңғы үміті болды. Дүниежүзілік доданың 1/8 финалында Португалия құрамасы өзінің басты қарсыласы Испаниядан ұтылып, турнирмен қоштасты.