Жаңалықтар

Сұраныс жыл сайын артып келеді: Қазақстан 30 жаңа кен орнынан газ іздейді

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанда тауарлық газ қорын ұлғайту мақсатында маңызды екі құжат бекітіліп, соның аясында 6 жоба барлау сатысынан өтіп жатыр. Өйткені газға деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Бұл туралы үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

Бұл құжаттардың негізгі мақсаты – мұнай мен газдың жаңа кен орындарын кезең-кезеңімен игерудің тиімді тетігін қалыптастыру, көмірсутек ресурстық базасын тұрақты түрде ұлғайту, сондай-ақ отандық экономика мен халықтың табиғи газға деген өсіп отырған сұранысын толықтай қамтамасыз ету.

Тұтастай алғанда, стратегиялық жоспарлар аясында 30 жер қойнауы учаскесі қарастырылған. Қазір бұл бағытта «QazaqGaz» ұлттық компаниясымен 9 келісімшарт жасалып үлгерді. Бүгінде осы келісімдердің ішінде 6 жоба бойынша барлау жұмыстары жүргізілсе, тағы 3 жоба тікелей өндіру сатысында тұр.

2023-2025 жылдар аралығында «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларының бірлескен жұмысының нәтижесінде Анабай, Барханная, Рожковское және Западная Прорва кен орындары игерілген.

Өндірістік қуаттылықты одан әрі ұлғайту мақсатында 2027 жылы Западная Прорва кен орнының екінші іске қосу кешенін пайдалануға беру, сондай-ақ Малдыбай, Придорожное және Өріктау кен орындарын толықтай іске қосу жоспарланып отыр.

Бұған дейін министр 2030 жылға қарай Қашаған мен Қарашығанақтағы жаңа газ өңдеу зауыттары іске қосылатынын мәлімдеген.