
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Берік Асыловты Қазақстанның Бас прокуроры етіп қайта тағайындады, деп хабарлайды Ақорда.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Берік Ноғайұлы Асылов Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.
Берік Асылов еңбек жолын Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасының стажеры лауазымынан бастаған.
1992-2001 жылдар аралығында Алматы қаласы Алатау ауданы прокуратурасының аға тергеушісі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі және аға тергеушісі, Алматы авиациялық көлік прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы лауазымдарында жұмыс істеді.
2001-2006 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының басшылық лауазымдарында қызмет етті, Шымкент қаласының прокуроры, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болды.
2006 жылдан бастап Батыс өңірлік көлік прокуроры, кейін Ақтөбе облысының прокуроры болып тағайындалды.
2010 жылғы 28 шілдеде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары лауазымына тағайындалды.
2011-2017 жылдар аралығында Алматы қаласының прокуратурасын басқарды.
2017-2019 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасын басқарды.
2019-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары болды.
2022 жылғы 3 наурызда Қазақстан Республикасының Бас прокуроры болып тағайындалды.