
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма құрамы 2025 жылы 519 млн теңге сыйақы алған. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийінде жазылған.
Топ-менеджерлердің жалақысы жыл сайын өсіп отыр. 2023 жылы 388 млн теңге сыйақы төленсе, 2024 жылы 497 млн теңгеге жеткен.
Ресми дерекке сәйкес, қазір мұнай алыбының басқарма құрамына ҚМГ төрағасы Асхат Хасенов бастаған 9 адам кіреді. Олар: Құрманғазы Исқазиев, Болат Зәкіров, Диана Арысова, Руслан Балықбаев, Бекзат Абайылданов, Әсет Мағауов, Шавкат Құдабаев пен Қазбек Құсайынов.
Шавкат Құдабаев пен Қазбек Құсайынов ҚМГ басшылығындағы қызметке 2025 жылдың ақпан-сәуір айларында келген.
Орта есеппен алғанда, ірі топ-менержерге шақсақ, төленген сыйақы 58 млн теңгеге жуықтайды. Алайда әр басшының жалақысы әртүрлі болуы мүмкін.
2025 жылдың соңында компанияның таза пайдасы 1 трлн 72 млрд теңгені құрады. Әсіресе, компанияның ірі жобалардан (Теңізшевройл, Каспий құбыр консорциумы) алған дивидендтері бір жылда 40%-ға өсіп, 985 млрд теңгеге жеткен.
Таза пайданың 350 млрд теңгесін дивиденд ретінде төледі.
Ұлттық мұнай алыбы акцияларының 68,7 пайызы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі. Тағы 20 пайыз үлесі Қаржы министрлігіне тиесілі болса, Ұлттық банктің меншігінде 9 пайызы бар. Қалғаны еркін айналымды жүр.