Жаңалықтар

Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты үшін Қытай жабдықтары пайдаланылады

Жаңаөзендегі газ зауыты
фото: ҚазМұнайГаз

Жаңаөзендегі газ зауытының құрылысы жоспарға сай жүріп жатыр. Зауыт құрылысы үшін Қытайда жасалған құрылыс жабдықтары пайдаланылады. Бұл туралы үкімет отырысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық қомпаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов айтты.

«Бірінші кезең бойынша құрылыс монтаждау жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ резервуарларды монтаждауға арналған іргетастар дайын. Қазір іргетастар мен монолитті қабырғаларды монтаждау бойынша құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Тоғыз бірлік резервуар құрылыс алаңына жеткізілді, қалған төрт данасы жолда. Ұзақ уақыт жасалатын жабдықтардың 48,3%-ы дайын, барлық 259 позицияның 92-і дайын, қалған 167-сі Қытай зауытында өндіріліп жатыр», – деді Асхат Хасенов баяндамасында.

Жаңа газ салуда модульді құрылыс әдісі пайдаланады. Яғни негізгі технологиялық модульдер зауытта жасалып, содан кейін құрылыс алаңына жеткізіледі. Бұл жұмысты әлдеқайда жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Жаңа зауыт салғаннан кейін қолданыстағы Қазақ газ өңдеу зауыты тоқтай ма?

ҚМГ басшысының сөзінше, бұған дейін жаңа зауыт іске қосылған соң қазір қолданып жатқан Қазақ газ өңдеу зауытының жұмысы тоқтайды деп жоспарланған. Бірақ қазір жағдай өзгеріп отыр.

«Зауыт жүргізіліп жатқан техникалық аудиттер мен оның сенімділігін қолдау шараларының арқасында қауіпсіз пайдаланылып келеді.  Зауыттың әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оның жұмысын жалғастыру туралы шешім қабылданды», – дейді Хасенов.  

Нысанды одан әрі пайдалану үшін Энергетика министрлігі мен ҚазМұнайГаз бірлесіп қосымша шикізат көздерін бағалау бойынша жұмыс жүргізді. Нәтижесінде шамамен 3 млрд текше метр газ орны анықталды, оның 2,7 млрд текше метрге жуығы жұмыс істеп тұрған Қазақ газ өңдеу зауытын жіберіледі.

Еске салайық, Жаңаөзендегі газ зауыты 2027 жылы пайдалануға берілуі керек. «ҚазМұнайГаз» зауыт құрылысына 216 млрд теңге жұмсады. Бұл зауыт – құрылысы жүріп жатқан төрт газ өңдеу зауытының бірі. Осыған дейін құрылысы баяу жүріп, ашылу мерзімі бірнеше рет шегерілді. Сол үшін Тоқаев үкіметке ескерту берген еді.