Авто

Алматыда тағы 8 мың автотұрақ ақылы болады

Фото: kursiv.media архиві

Алматыда жыл соңына дейін тағы 8 мыңға жуық автотұрақ ақылы болады. Бұл туралы «Алматы паркинг» мекемесі ҚазАқпарат агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеген.

Қазіргі таңда Алматыда 17 мыңнан астам ақылы автотұрақ орны бар. Жоба жүзеге асқаннан кейін олардың жалпы саны 25 мыңнан асады.

Оператордың мәліметінше, бұл шара көшелердің өткізу қабілетін арттырып, автотұрақ кеңістігін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

«Алматы паркинг» мекемесі қазіргі уақытта автотұрақ ақысының тарифін өзгерту мәселесі де қаралып жатқанын растады. Әзірге бұл жөнінде түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Егер тарифтер қайта қаралса, бұл туралы әкімдіктің ресми ақпараттық ресурстарында алдын ала хабарланады.

Қазіргі таңда Алматыдағы ақылы автотұрақ орындары аудандар бойынша мынадай:

  • Алмалы ауданы – 5 363;
  • Медеу ауданы – 5 102;
  • Жетісу ауданы – 3 494;
  • Алатау ауданы – 2 637;
  • Бостандық ауданы – 787;
  • Түрксіб ауданы – 290;
  • Наурызбай ауданы – 92;
  • Әуезов ауданы – 60.

Бұған дейін Алматы әкімдігі ақылы автотұрақ жүйесін реформалау жоспары бар екенін хабарлаған болатын. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған арнайы абонемент енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл абонемент өз тұрғын үйінің маңындағы ақылы автотұрақтарға жеке көлігін тегін қоюға мүмкіндік береді.

Еске салайық, Астанада 12 шілдеден бастап көше бойындағы автотұрақтарға сағаттық төлем енгізіледі. Құны әкімдік айқындайтын тарифтік аймаққа байланысты болады.