Жаңалықтар

Құрылтай сайлауында сауалнама жүргізетін ұйымдар белгілі болды

Құрылтай сайлауында exit-poll жүргізетін ұйымдар анықталды / Фото: Shutterstock

Құрылтай сайлауы кезінде қоғамдық пікір сауалнамаларын қандай ұйымдар жүргізетіні белгілі болды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеді.

Қазіргі уақытта тиісті хабарламаларды үш ұйым ұсынған:

  • Еуразиялық интеграция институты – exit-poll (сайлау учаскесінен шыққан азаматтар арасында сауалнама), фокус-топтық талқылау, сараптамалық сауалнама, face to face форматындағы жаппай сауалнама және экспресс-сауалнама жүргізеді;
  • DATAmetrics – face to face форматында жеке сұхбат өткізеді;
  • Қоғамдық саясат институты – face to face сұхбаты, телефон арқылы сауалнама, интернет-сауалнама және exit-poll жүргізеді.

Орталық сайлау комиссиясы азаматтар арасында сауалнама жүргізуге тек заңнамаға сәйкес тіркелген және кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғаларға ғана рұқсат етілетінін еске салды.

Ұйымдар алдын ала комиссияға жазбаша түрде хабарлама беріп, қажетті құжаттарды ұсынуға міндетті.

Сонымен қатар сайлау күні дауыс беру ғимаратында немесе учаске аумағында сауалнама жүргізуге болмайды. Бұл талап бұзылған жағдайда азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Еске салайық, құрылтай депутаттары сайлауының бюджеті қазіргі уақытта қалыптасып жатыр. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, қазіргі уақытта аумақтық сайлау комиссиялары бюджеттік өтінімдерді жасап жатыр. Олардың негізінде ОСК шығыстар сметасын дайындайды.

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай сайлауын 2026 жылғы 23 тамызға тағайындау туралы жарлыққа қол қойған еді. Осыдан кейін ОСК сайлау науқанының күнтізбелік жоспарын бекітті. Сондай-ақ, сайлаушылар саны 12 561 644 адамға дейін өскенін хабарлады. Бұл Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумдағыдан 99 848 адамға артық.