
Иран бұрынғы көсемі аятолла Әли Хаменеимен қоштасып жатқан уақытта, 8 шілдеге қараған түні АҚШ Парсы шығанағындағы осы елге тағы да соққы жасады. Құрама Штаттар қолбасшылығы 80-нен астам әскери нысанға шабуылдағанын мәлімдеді.
Соғыс қайта басталды
АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) Иранға қайтадан шабуылдай бастауына Тегеранның Ормұз бұғазындағы халықаралық сауда кемелері мен мұнай танкерлеріне соққы беруі себеп болды. Иран шабуылынан Қатар мен Сауд Арабиясының кемелері зардап шеккен.
Ақ үй Тегеранның бұл әрекетін «халықаралық терроризм» деп атап, сауда қауіпсіздігін қорғау мақсатында Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының алпыстан астам шағын кемесін, жағалаудағы радарлары мен зымыран жүйелерін жойды.

Вашингтон бұғаздағы шабуылды уақытша бітім шарттарын бұзу деп қабылдап отыр. Артынша АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мұнайын халықаралық нарықта сатуға рұқсат беретін жеңілдіктерді алып тастады. Парсы шығанағындағы соғыс қайта басталды.
CNN телеарнасының мәліметінше, Тегераннан мұнай экспорттайтын маңызды нысан – Харг аралында, сонымен бірге Бандар-Аббас және Сирик қалаларында жарылыс болған.
Қара жамылған Иран жауабы
Сәрсенбі, 8 шілде күні таңертең Иран АҚШ-қа «жойқын шабуылмен жауап» беретінін мәлімдеді.
«Иран Ислам Республикасының Қарулы күштері АҚШ-тың террористік әрекеті мен агрессиясына жойқын жабуылмен жауап береді», – деп мәлімдеді Орталық қолбасшылық. Оның мәлімдемесін IRIB мемлекеттік телеарнасы таратты.
Құрама Штаттар шабуылы Иран бұрынғы Жоғарғы көсем аятолла Әли Хаменеимен қоштасып жатқан уақытта жасалып отыр. 7 шілдеде көсем мәйіті тиелген ұшақ Ирактың Нажаф қаласындағы әуежайына қонған. 8 шілдеде табытты осы қаладағы Әзірет Әли кесенесіне, сонымен бірге Кербала қаласындағы Имам Хұсейін кесенесіне апарады. Мұнда миллиондаған шиит мұсылманының қатысуымен қоштасу шерулері өтеді.
Ирактағы діни жоралғылардан кейін аятолланың денесі Иранға қайта әкелініп, 9 шілдеде туған қаласы Машхадтағы Имам Реза кесенесіне жерленеді.