Баға 30%-ға түсті: De Beers гауһар сырғасы арзан бағамен аукционда сатылады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
De Beers гауһар сырғасы
6,06 караттық гауһар сырға / фото: KUVA, ЖИ көмегімен өңделген

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (KUVA) 2025 жылдың басынан бері өткізе алмай келе жатқан 36 зергерлік бұйым мен сағатты арзан бағаға саудалауға көшті. Олардың арасында De Beers гауһар сырғасы да бар.

Байлар қайтарған заттар арзандады

Sauda электронды порталындағы аукцион 9 шілдеде түскі сағат 12:00-де басталады. KUVA бейсенбі күні барлығы 36 қайтарылған активті саудаға қояды. Компания бұл жолы оларды арзан бағаға ұсынып отыр.

Мәселен, мамандар 158,1 млн теңгеге бағалаған гауһар сырғаның бастапқы бағасы бұл жолы 110,6 млн теңге деп белгіленді. Айта кетейік, зергерлік бұйым өз бағасынан 30%-ға арзанға сатылғалы жатыр. Осы аукционға қатысу үшін 23,7 млн теңге кепілпұл төлеу керек.

Сырға 6,06 карат болатын екі гауһар тастан тұрады. Әшекейдің өзі ақ алтыннан жасалған. Сынамасы – 750. Жалпы салмағы – 5,8 грамм. Оны кезінде кім таққаны хабарланбады.

Бірнеше пәтер тұратын сағат

Ulysse Nardin Classic қолсағаты
Ulysse Nardin Classic қолсағаты / фото: KUVA

Лоттардың ішіндегі ең қымбаты – Ulysse Nardin Classic 789-80 сағаты да арзанға бағаланып жатыр. Қайтарылған активтің аукциондағы бастапқы бағасы – 150,1 млн теңге. Мамандар оны 214,4 млн теңгеге бағалаған. KUVA осы активті де 30%-ға түсірген. Сағаттың бұрынғы иесі кім екені белгісіз.

Бейсенбі күні барлығы 36 қайтарылған актив, оның ішінде 28 зергерлік бұйым және сегіз сағат аукционда сатылады.

Естеріңізге сала кетейік, ескі Қазақстан байларынан 1 млрд теңгенің зергерлік бұйымдары тәркіленген.

Сондай-ақ оқыңыз