Жаңалықтар

Доллар 10 теңгеге құнсызданды: ұлттық валютаның нығаюына не себеп

Доллар неге қайтадан арзандап жатыр Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Доллар соңғы аптада 10,7 теңгеге құнсызданып, ұлттық валюта бағамы нығайып келеді. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары доллардың арзандауына бірнеше себеп бар екенін айтады.

Қазір валюта нарығындағы басты тренд – шетелдік валютаға деген сұраныстан гөрі, ұсыныс әлдеқайда басым. Бұл теңгенің нығаюына тікелей жол ашып отыр.

Бұл үрдістің қалыптасуына бірнеше негізгі фактор арқау болған. Біріншіден, Ұлттық банк бюджетке трансферт құю үшін Ұлттық қордағы валютаны сатқан. Оған қоса шетелге шикізат сататын ірі квазимемлекеттік компаниялар доллармен алған түсімін теңгеге айырбастап жатыр.

Оған қоса шетелдік резиденттердің теңгедегі активтерге деген ықыласы әлі де жоғары. Инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздарға қызығушылығы артқанда, елге сырттан шетелдік валюта әкеліп, оны жаппай теңгеге айырбастай бастайды.

Осылайша қазір нарықта доллар ұсынысы сұраныстан асып тұр. Бұл ретте Freedom Broker сарапшылары доллар қайтадан 464 теңгеге дейін арзандауы мүмкін деген болжам жасайды.

Ал Еуразиялық даму банкінің сарапшылары жыл соңына дейін доллар 490 теңгеден саудаланады деген пікірін жариялаған.

KASE қор биржасындағы түскі сауда-саттықта USD/KZT жұбында доллар құны 467,9 теңгеге дейін арзандады.