
Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаны жүзеге асыруға Арнайы мемлекеттік қордан 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, әуежайды жөндеу жұмыстары мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүргізіледі.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың қыркүйек айында аяқталуға тиіс.
Мердігер ұйымға, тапсырыс берушіге және техникалық қадағалау өкілдеріне жұмыстың уақытылы әрі сапалы орындалуын, еңбекті қорғау және экологиялық заңнама талаптарының сақталуын, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін әуежай бір сағатта 200-ден 300 жолаушыға дейін қабылдай алады.
Атап айтқанда, инфрақұрылымның жаңаруы көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, жолаушыларға жайлылық сыйлауға және Павлодар облысының еліміздің басқа өңірлерімен көліктік байланысын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жобаның жүзеге асырылуы прокуратура органдарының бақылауында.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа Екібастұз қаласында жаңа әуежай ашу мүмкіндігін жан-жақты пысықтауды тапсырған еді.