Экономика

Қазақ мұнайы Brent-тен сәл ғана төмен: дисконт дәуірі аяқтала ма

Мұнай / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Қазақ мұнайы арзандады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

OilPrice.com дерегінше, 8 шілдедегі саудада Қазақстанның негізгі экспорттық маркасы CPC Blend барреліне 77,93 доллар болды. Ал әлемдік эталон саналатын Brent бағасы 78,39 долларға жетті. Яғни CPC Blend пен Brent арасындағы айырма бар-жоғы 46 цент шамасында ғана қалды.

Бұған дейін Ормұз бұғазы маңындағы қауіп, тасымал тәуекелі және нарықтағы белгісіздік кезінде қазақ мұнайы Brent-ке қарағанда айтарлықтай дисконтпен сатылып келген еді. Бірақ бүгінгі баға айырмасы бұл дисконтың қатты қысқарғанын көрсетеді: CPC Blend іс жүзінде Brent-пен теңесті.

Brent бағасының көтерілуіне Таяу Шығыстағы жағдай қайта әсер етті. Reuters жазуынша, АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс күшейіп, Ормұз бұғазы арқылы өтетін танкерлерге қатысты қауіп қайта артқаннан кейін мұнай бағасы 6%-дан астам өсті. Brent фьючерстері сол күні барреліне 78 доллардан жоғары көтерілген.

Қазақстан үшін бұл маңызды сигнал. Себебі CPC Blend — Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі кен орындарының мұнайы экспортталатын негізгі бағыттардың бірі. Егер CPC Blend Brent-ке жақын бағамен сатылса, бұл Қазақстанның мұнай экспортынан түсетін кірісіне оң әсер етуі мүмкін.

Алайда нарықтағы жағдай әлі тұрақты емес. Brent геосаяси тәуекелден қымбаттаса, CPC Blend бағасы керісінше бір күнде 5,7% төмендеген. Сондықтан қазіргі теңесу ұзаққа созыла ма, жоқ па — ол Ормұз бұғазы маңындағы ахуалға, танкер қозғалысына және әлемдік сұранысқа байланысты болады.