Жаңалықтар

«Қазақстан темір жолы» басшысы міндетін Бауыржан Орынбасаров атқарады

Қазақстан темір жолы басқарма төрағасы міндетін атқарушы Бауыржан Орынбасаров
55 жастағы Бауыржан Орынбасаров ҚТЖ-ны басқарады / фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

«Қазақстан темір жолы» Басқарма төрағасы міндетін атқарушы болып Бауыржан Орынбасаров тағайындалды. Топ-менеджер ұлттық компанияда 1993 жылдан бері жұмыс істейді.

Сәрсенбі күні таңертең ҚТЖ басшылығынан Талғат Алдыбергеновтің кеткені мәлім болған. Ұлттық компаниядағы ауыс-түйіс туралы ресми мәліметті «Самұрық-Қазына» қоры таратқан.

Енді ҚТЖ Басқарма төрағасы міндетін Бауыржан Орынбасаров атқаратыны мәлім болып отыр. Қызылорда облысында туған топ-менеджер 2021 жылдан бері төрағаның орынбасары қызметін атқарып келген.

Айта кетейік, премьер-министр Олжас Бектенов жақында ғана – 16 маусымда ҚТЖ жұмысын сынап, транзиттік тасымалдар бойынша жоспардың кешеуілдеуіне Талғат Алдыбергенің жеке өзі жауапты екенін айтқан. Оның үстіне топ-менеджердің жеке бизнесі бары айтылып, мүдделер қақтығыс туралы сөз болған. Содан үш аптадан кейін ұлттық компанияда ауыс-түйіс болып отыр.

«Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясы акцияларының 100%-ы мемлекетке тиесілі. Оның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры.