
Қазақстанда геологиялық барлау үшін жер қойнауының 100 учаскесі аукционға шығарылады. Бұл туралы ОКҚ алаңында Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров хабарлады.
Айтуынша, 40 жер қойнауы учаскесі бойынша алғашқы аукцион жарияланды. Оны өткізу 28 шілдеге жоспарланған.
«Аукциондар жаңа инвестициялар тартуға, геологиялық барлау жұмыстарының көлемін ұлғайтуға, жаңа кен орындарын ашуға және еліміздің минералдық-шикізаттық базасын ұзақ мерзімді негізде толықтыруға жол ашады», – деді спикер баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, 2025 жылдың соңында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске инвесторлардың геологиялық барлаудағы жұмысын жеңілдетуге бағытталған түзетулер енгізілген.
Маңызды жаңалықтардың бірі аз зерттелген шөгінді бассейндер үшін арнайы құқықтық режимнің енгізілуі. Мұндай аумақтарда геологиялық тәуекелдердің жоғары деңгейі ескеріліп, жер қойнауын пайдалану құқығын берудің жеңілдетілген тәртібі қарастырылған.
Айта кетейік, Алматыда кәріз-сорғы станцияларын салу үшін жалпы аумағы 0,17 гектардан асатын жер телімі мемлекет меншігіне өткен еді.