Жаңалықтар

Қазақстанда барланған мұнай қоры 4 млрд тоннадан асады

Барланған мұнай қоры 4 млрд тоннадан асады
Барланған мұнай қоры 4 млрд тоннадан асады / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы мұнайдың қоры 4 миллиард тоннадан асады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекеттік есепте 319 мұнай кен орны бар. Оның ішінде 2,8 миллиард тоннадан астамы А+В+С1 санаттарына, ал тағы 1,4 миллиард тоннадан астамы С2 санатына жатады.

Бұдан бөлек, баланстан тыс қорлар 167 миллион тоннадан астам деп бағаланып отыр.

Сондай-ақ Ерлан Ақбаров елімізде 215 жер қойнауын пайдаланушы тіркелгенін айтты. Олардың басым бөлігі Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында жұмыс істейді. Салалық компаниялардың 67%-дан астамы дәл осы аймақтарда шоғырланған.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда мұнай қоры 35 жылға жетеді. Яғни 2060 жылға дейін бұрғылауға мүмкіндік бар.

Сарапшы бұл мерзім аяқталғаннан кейін, мұнай ішкі тұтыну қажеттіліктерін жабуға ғана жетеді деп тұжырымдайды.