
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерді жарнамалау қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынды.
Министрліктің мәліметінше, жаңа өзгерістер азаматтарға жарнама мен шынайы ақпараттың ара-жігін оңай ажыратуға мүмкіндік береді.
Жаңа талаптар жарнаманы халық үшін түсінікті, ашық әрі шынайы етуге бағытталған. Бұл ретте құжатта науқастарға қатысты жаңа тыйымдар қарастырылмаған. Бұйрық жобасы қолданыстағы қағидаларды жарнама, онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіру мақсатында әзірленген.
Жобаға сәйкес:
- жарнамада шынайылық, адалдық және этика қағидалары міндетті түрде сақталуы тиіс;
- интернеттегі жарнамалық материалдар нақты белгіленуі қажет;
- медициналық қызмет жарнамасында медициналық ұйымның лицензиясы туралы мәлімет және дәрігердің кеңесіне жүгіну жөніндегі ескерту көрсетілуі тиіс;
- терминдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жаңартылады;
- онлайн-жарнаманың мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді болуы қамтамасыз етіледі;
- жарнамалық материалдарды сақтау мерзімі белгіленеді.
Министрліктің айтуынша, бұл өзгерістер денсаулық сақтау саласындағы жарнаманың ашықтығын арттырып, азаматтардың медициналық қызметтер туралы ақпаратқа деген сенімін күшейтуге және қолданыстағы қағидаларды қазіргі цифрлық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Құжат «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Талқылау 23 шілдеге дейін жалғасады.