
Қазақстандағы ең бай адам Вячеслав Кимге тиесілі United Group Alatau холдингінің топ-менеджелері 2025 жылы 170,5 млн теңге сыйақы алған. Бұл туралы қаржы есептілігі депозитарийіндегі хабарламада жазылған. United Group Alatau – Alatau City Bank-ке иелік ететін холдинг.
170 млн теңге – холдинг басқама төрағасы, оның орынбасары мен қаржы директоры алған сыйақы. 2019 жылдан бері компания басқарма төрағасының орынбасары мен қаржы директоры қызметін Ерке Нұркенов пен Алма Мұстафаева атқарып келсе, басқарма төрағасы болып 2024 жылдан Олжас Құрманов тағайындалған.
2023 -2024 жылдары компания басшылары 145 және 133 млн теңге айлық алған. Бұл жылдары басқарма құрамында төрағаның орынбасары ретінде Абай Әлішев болған.
Холдинг иесі кім
Әу баста Zim Capital деп аталған холдинг 2018 жылы атауын First Heartland Securities деп өзгертеді. Ал 2026 жылдың басында United Group Alatau-ға айналып, қайта тіркеуден өтеді.
Компания 2017 жылғы қарашада «First Heartland Bank» акционерлік қоғамын, ал 2019 жылғы ақпанда «Alatau City Bank» акционерлік қоғамын (бұрынғы Цеснабанк) сатып алып, ресми түрде банк холдингі мәртебесін иеленген. Кейіннен оған Ғалымжан Есеновтің АТФБанкі де қосылды.
Бастапқыда банк жүйесі «Назарбаев қоры» мен үкіметке қарасты қорлардың бақылауында болғанымен, 2020 жылы активтер британдық Jusan Technologies компаниясына өтіп кетті.
Бұл заңсыздық бірнеше ірі сот дауына ұласып, соның нәтижесінде 2023 жылы банк Қазақстан юрисдикциясына қайтарылды.
Алайда мемлекетке немесе бұрынғы қожайындарына емес, белгілі кәсіпкер Ғалымжан Есеновтің иелігіне өтіп, ол банктің негізгі акционеріне айналды. Кейіннен бұл қаржы институтын сатып алуға миллиардер Вячеслав Ким қызығушылық танытып, 2025 жылдың шілдесінде банкті толықтай өз бақылауына алды.
Forbes мәліметі бойынша, дәулеті 7,8 млрд долларға бағаланған Вячеслав Ким Қазақстанның ең бай адамдарының тізімін бастап тұр.
Холдинг қазір тікелей және жанама түрде 11 еншілес ұйымға иелік етеді. Олардың ішіндегі 7 құрылым ірі UGA банк конгломератының құрамына кіреді. Олар:
- «Jusan Инкассация» ЖШС
- «Alatau City Bank» АҚ
- «Alatau City Invest» АҚ
- «Alatau City Garant» АҚ
- «Оптима Банк» ААҚ
- «First Heartland Capital» АҚ
- «ACB Development» ЖШС
Жақында Вячеслав Ким «Астана» халықаралық қаржы орталығы аумағында United Group Alatau Ltd. атты холдингтік компанияны ресми түрде тіркеді.
Жаңа компанияның атауы мен құрылу сипатына қарап, сарапшы Арман Батаев бизнесмен Alatau City Bank акцияларын басқаратын холдингті АХҚО-ға көшіруді жоспарлап отыр деп болжам жасаған.