Жаңалықтар

ҚТЖ басшысы Талғат Алдыбергенов қызметінен кетті

ктж
rail-news.kz, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов қызметінен босатылды. Ұлттық компания басшысының өкілеттігі акционер «Самұрық-Қазына» АҚ-ның шешімімен тоқтатылды.

«Акционердің шешімімен «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алдыбергенов Талғат Сағиұлының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды», – деп жазылған ресми хабарламада.

Ұлттық теміржол компаниясының жетекшісі лауазымына жаңадан кім тағайындалатыны әзірге белгісіз.

Алдыбергенов бұл қызметке 2025 жылы шілдеде келген. Еңбек жолын 1992 жылы бастаған. Ол Батыс Қазақстан темір жолында станса кезекшісі, коммерциялық бөлімнің басшысы және бөлімше бастығы қызметтерін атқарған. Кейінірек «Қазтеміртранс», «Кедентранссервис» секілді логистикалық компанияларда басшылық лауазымдарда жұмыс істеді.

2008–2019 жылдары ол «Кедентранссервис» акционерлік қоғамының президенті, «АвтоГазАлматы» директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ «Kazakhmys Maker» компаниясының басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. 2024 жылдан бастап ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары болды.

Осы жылы маусымда журналистерге берген пікірінде жеке бизнесі бар екенін мойындаған еді.