
Жамбыл облысы Шу ауданында құмды жерлердегі жабайы қарасора шабылып, оның 71 тоннасы өртелді.
Polisia.kz ақпаратына қарағанда, шара есірткі құралдарының заңсыз айналымының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен жоспар аясында өткен.
110 гектар аумақты алып жатқан жабайы қарасора орылыпты. Ондағы мақсат – есірткі арналарының жолын кесуге және өңірден тыс жерлерге есірткінің таралуына жол бермеу.
«Жамбыл облысында «Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр», – деп хабарлайды полиция.
Сондай-ақ Жамбыл облысы полиция департаментінің Дельта-Долина ауданаралық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің базасында ІІМ Алматы академиясының курсанттарының қатысуымен кезекті тәжірибелік сабақ өткен.
Іс-шара барысында курсанттар бөлім басшылығы және жедел құраммен кездесіп, есірткі қылмыстарына қарсы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу тактикасымен танысқан. Сонымен қатар бөлімнің материалдық-техникалық базасын және қызмет барысында қолданылатын заманауи арнайы техниканың мүмкіндіктерін зерделеді.
Айта кететін жайт, Жамбыл облысында 95 келіден астам марихуанамен ұсталған тұрғын сотталған еді.