
Жапонияның Ispace компаниясы Илон Маскінің SpaceX компаниясымен бірлесіп, айға жүк тасымалдайтын жаңа жоба бастамақшы. Бұл туралы Reuters жазады.
Токиода орналасқан стартап 50 миллион долларға SpaceX-тің алып Starship зымыранынан 500 келілік орын сатып алды. Сол орынға жапон компаниясы өздері құрастырған айда жүретін көлігін орналастырады. Айға жүк жібергісі келетін өзге компаниялар жүгін сол көлікке ақылы түрде тіркеп, бірге жібере алады.
Компанияның вице-президенті Хидеари Камияның айтуынша, SpaceX зымыраны тұтынушылардың жүгін бір уақытта және арзан бағамен таситын үлкен «автобус» рөлін атқарады. Ал ispace аппараттары жүкті айдың нақты бір нүктесіне арнайы жеткізетін «такси» тәрізді қызмет көрсетеді.
Бұған дейін Ispace компаниясы SpaceX-тің Falcon 9 зымырандарын пайдаланған. 2023 және 2025 жылдардағы талпыныстары сәтсіз аяқталды.
Токио компаниясы 2030 жылға қарай айға Ultra деп аталатын үш қону модулін де сәтті қондыруды жоспарлап отыр. Бұл миссиялардың бірі NASA-ның коммерциялық мақсаттағы ай жүктерін тасу бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ.
Мамырда SpaceX компаниясы тарихындағы ең үлкен зымыран, Starship-тің, жаңартылған V3 нұсқасын сынақтан өткізген еді. Сол кезде NASA бұл зымыранды 2028 жылға қарай Айға ұшу үшін пайдалануды жоспарлайтынын мәлімдеген. Ал Илон Маск Starship арқылы адамдарды Марсқа жеткізбекші.