Жаңалықтар

ЖСДП ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаровқа тексеріс бастағанын мәлімдеді

фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

ЖСДП ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаровқа қатысты ішкі тексеру басталғанын мәлімдеді. Оған фермерлер мен үлескерлерден түскен шағым себеп болған. Бұл туралы партияның сьезіне қатысқан Bes.media жазады.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбайдың сөзінше, партия қазіргі министрге қатысты тексеру жүріп жатыр. Оның сөзінше, аграрлық сектордан жүйелі түрде министрге қатысты шағым түсіп отырған. Партия тіпті шенеунік пен бизнес-құрылымдар арасында байланыс болуы мүмкін, Сапаров өзінің қызметтік лауазымын, министр ретіндегі ресурстарын пайдаланған деп күдіктеніп отыр.

«Қазір біз ауыл шаруашылық министрі Сапаровқа қатысты мәселені тексеріп жатырмыз. Оның аграрлық бизнеспен айналысатын туыстары да болуы мүмкін. Жоғары лауазымды шенеунік ретінде өз жағдайын пайдаланып, туыстарына көмектесті деген күдік бар. Біз бұл жағдайды да зерттейміз. Жақын арада белгілі бір қорытынды шығарамыз», – деді Тазабек Сәмбетбай.

Министрліктің жұмысына қатысты бірнеше облыстан түскен шағымдар тексеріліп жатыр.

«Солтүстікті түгел қамтыдық, жартылай Шығыс Қазақстан мен Орталық Қазақстан бар. Жеке айтсақ, Қарағанды, Ұлытау облысы және батыста да мәселе туындады, шаруалар хабарласып жатыр», – деді Сәмбетбай.

Ол нақты бір шешім шығарылмағанын, бірақ «алдын ала нәтиже белгілі екенін» атап өтті. Егер күдік расталса, партия депутаттық сауал жібермекші.

Биыл ақпанда үкімет отырысынан кейін өткен брифингтердің бірінде журналистер министр Айдарбек Сапаровтан «туған-туыстарыңыз мемлекеттен субсидия алып жатыр ма?» деп сұраған еді. Бірақ ведомство басшысы «оған еш қатысым жоқ» деп нақты жауап беруден бас тартты. Сапаров 2023 жылдың қыркүйегінен бастап ауыл шаруашылық министрі болып отыр. Оған дейін Солтүстік Қазақстан облысын басқарған.