Жаңалықтар

Қызанақ арзандап, қырыққабат қымбаттауда: бір аптада баға қалай өзгерді

Қазақстанда қырыққабат қымбаттап, қызанақ арзандап жатыр / Фото: shutterstock

Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жаңартылған мәліметтерді жариялады. Соңғы бір аптада қырыққабаттың бағасы айтарлықтай қымбаттаса, қызанақ пен қияр, керісінше арзандаған.

Министрлік дерегіне сәйкес, өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 21 түрінің бағасы өзгерген. Алайда олардың басым бөлігінде өсім 1%-дан аспаған.

Ал күріш, нан және сүттің бағасы өткен аптамен салыстырғанда өзгеріссіз қалды.

Қандай өнімдер арзандады

Бірқатар маусымдық өнімнің бағасы өткен аптамен салыстырғанда төмендеді:

  • қызанақ – 8,5%-ға;
  • қияр – 8,3%-ға;
  • жұмыртқа – 1,5%-ға;
  • алма – 1,1%-ға;
  • жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балық – 0,4%-ға;
  • күнбағыс майы – 0,2%-ға;
  • айран – 0,1%-ға.

Қызанақ бағасы бірнеше апта қатарынан арзандап келеді. Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі маусым айының соңында да оның құны айтарлықтай төмендегенін хабарлаған болатын.

Қымбаттаған өнімдер

Министрлік 21 тауар түрі бойынша бағаның шамалы өсуі тіркелгенін жеткізді. Қырыққабат 7,9%-ға, пияз бен картоп 1,9%-ға, қант 1,6%-ға қымбаттаған. Қалған тауарлар бойынша өсім 1%-дан төмен болған.

Баға қай өңірлерде өсті

Жалпы бағаның өсуі тек төрт өңірде тіркелді:

  • Ақмола облысында – 0,2%-ға;
  • Атырау облысында – 0,1%-ға;
  • Алматы облысында – 0,1%-ға;
  • Солтүстік Қазақстан облысында – 0,1%-ға.

Ал Астана, Алматы, Қарағанды облысы мен Жамбыл облысында баға өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар еліміздің тағы 12 өңірінде азық-түлік бағасы 0,1–0,9% аралығында төмендеген.

Қызанақ неге арзандап жатыр

Қызанақ бағасы жаз басталғалы бері біртіндеп төмендеп келеді. Сонымен бірге 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа піскен және салқындатылған қызанақты импорттауға уақытша шектеу енгізілген.

Бұған дейін билік бұл шараның негізгі мақсаты – отандық жылыжай шаруашылықтарын қолдау екенін түсіндірген болатын. Қазіргі таңда мемлекет апта сайын әлеуметтік маңызы бар 31 азық-түлік тауарының бағасына мониторинг жүргізеді.

Айта кетейік, Қазақстан үкіметі биыл елдегі инфляция деңгейін 10 пайыздан асырмауға ниетті. Маусымдағы инфляция көрсеткіші 10,3 пайызды құраған.