Жаңалықтар

Шенеуніктер зейнетақы жүйесін реформалаудың үш нұсқасын қарастырып жатыр

Зейнетақы жүйесін жаңартудың үш моделі ұсынылды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Қазақстанда зейнетақы жүйесін жетілдірудің бірнеше жаңа моделі қарастырылып жатыр. Солардың бірі – Сингапур тәжірибесіне негізделген жүйе. Бұл модель азаматтарға зейнетке шықпай тұрып-ақ зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл мәселелер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен зейнетақы жүйесін жетілдіру жөніндегі арнайы жұмыс тобының отырысында талқыланды.

Сингапур үлгісі нені ұсынады

Бұл модельге сәйкес, зейнетақы жинақтарын үш бөлек шотқа бөлу ұсынылады. Соның нәтижесінде қазақстандықтар зейнетке шыққанға дейін жинақтарының бір бөлігін баспана сатып алуға, оқу ақысын төлеуге, емделуге немесе инвестиция салуға пайдалана алады.

Алайда сарапшылардың пікірінше, бұл жүйе әлі де жан-жақты пысықтауды қажет етеді. Талқылау барысында олар ұсынылған өзгерістердің мүгедектігі бар азаматтарға және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қалай әсер ететінін мұқият бағалау маңызды екенін атап өтті.

Тағы қандай өзгерістер ұсынылды

Сингапур үлгісінен бөлек, өзге де нұсқалар қарастырылып жатыр.

Мәселен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қосымша әлеуметтік зейнетақы төлемін енгізуді ұсынып отыр. Оның мөлшері азаматтың табысы мен әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған модель бойынша жұмыс беруші аударатын жарнаның 4 пайызы қызметкердің жеке зейнетақы шотына, ал 1 пайызы өмір бойғы төлемдерді қаржыландыратын ортақ сақтандыру қорына бағытталмақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірге бұл ұсыныстардың ешқайсысы қабылданбағанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта барлық модель талқыланып жатыр. Түпкілікті шешім олардың азаматтарға ықпалы мен зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығына әсері жан-жақты бағаланғаннан кейін қабылданады.

Еңбек министрлігі бұған дейін зейнетақы жүйесін реформалау үшін Сингапур моделін зерттеп жатқанын мәлімдеген еді.