Әли Хаменеи сүйегі Мәшһәдке жеткізілді: жаназа аятолла туған қалада өтеді

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Иранның Мәшһәд қаласы, аятолла Әли Хаменеи жаназасы
Жаназа аятолла туған қалада өтеді / фото: Majid Asgaripour/WANA via REUTERS

Иранның бұрынғы жоғарғы көсемі Әли Хаменеи сүйегі Ирактан Мәшһәд қаласына жеткізілді. Бейсенбі күні түстен кейін аятолла туған қалада марқұмның жаназасы шығарылып, жерлеу рәсімі өтеді.

Аятолла мен оның бірнеше туысының мәйіті тиелген ұшақ Мәшһәдтегі әуежайға қонғанын IRIB хабарлады. Ақпарат агенттігінің мәліметінше, жаназа жергілікті уақытпен сағат 14:00-де (Астана уақытымен 15:30) басталады. Жеті күнге созылған қоштасу рәсімі бүгін аяқталады. Көсем имам Реза кесенесінің аумағында жерленеді.

Reuters мәліметінше, бейсенбі күні таңертең жүздеген адам Мәшһәд көшелерімен жүріп өтті. Олар Иран туын, аятолла суретін ұстап жүрді. Имам Реза кешенінің алтын күмбезі таңғы сәулеге шағылысып, жарқырап тұрды.

Тегеран бір апта бойы халықты аятолла туған қалаға жиналуға үндеген. Сол арқылы билік діни мемлекеттің қуаты мен идеологиялық күшін көрсеткісі келеді.

Агенттік аятолланың ұлы әрі мұрагері Моджтаба Хаменеидің әлі күнге дейін көпшілік алдына шықпағанына назар аударды. Мәліметтерге қарағанда, жаңа көсемнің бет-әлпеті шабуылдан қатты зақымданған болуы мүмкін.

Аятолла Әли Хаменеи билікке 1989 жылғы маусымда келді. Рухани көсемнің билігі 2026 жылғы 28 ақпанда аяқталды. Сол күні АҚШ және Израиль күштері Тегерандағы резиденцияға әуеден соққы жасап, шабуылдан 86 жастағы аятолла қаза тапты. Рухани көсеммен қоштасу рәсімі 4 шілдеде Тегеранда басталды.

Сондай-ақ оқыңыз