
Семейлік «Елімай» футбол клубы тұңғыш рет еурокубок турниріне қатысады. Конференция лигасының алғашқы іріктеу кезеңінің бірінші матчында семейліктер Ереванда Арменияның «Алашкерт» клубымен кездеседі.
Матчты қайдан көруге болады?
«Алашкерт» – «Елімай» кездесуінің тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен 21:00-де басталады.
Жанкүйерлер тартысты ойынды Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көре алады.
Семейлік клуб Конференция лигасына жолдаманы өткен маусымдағы Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша (4-орын) иеленген еді. Қазіргі ҚПЛ маусымында да команда сәтті өнер көрсетіп келеді: 16 матчтан кейін 26 ұпай жинап, турнирлік кестеде дәл қазір 4-орында тұр.
«Алашкерт» клубы да өткен маусымды өз чемпионатында 4-орынмен аяқтаған. Дегенмен, Арменияның жаңа біріншілігі тек шілде айының соңында басталатындықтан, «Алашкерт» бұл еурокубоктық кездесуге ішкі біріншіліктің ресми матчтарынсыз, яғни ойын практикасынсыз келіп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынында жеңіске жетті.