
Синоптиктер 9 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады. Оған сәйкес елдің батысында, шығысында, оңтүстік-шығысының таулы аймақтарында найзағай ойнап, жаңбыр жауады, елдің батысында нөсер жаңбыр, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Республика бойынша желдің күшеюі, батыста және шығыста дауыл соғуы болжанады. Түнде және таңертең республиканың солтүстігінде тұман түседі.
Күндіз Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарында және Абай облысының оңтүстігінде 35-38 градус қатты ыстық, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында 38-42 градус, Түркістан, Қызылорда облыстарында 40-42 градусқа дейін аптап ыстық болады.
Күндіз Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында, Қостанай облысының оңтүстігінде, Ұлытау облысының батысы мен оңтүстігінде 40-41 градус аптап ыстық болады.
Түркістан облысында, Атырау облысының батысында, Батыс Қазақстан облысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында, Шығыс Қазақстан облысында, Қызылорда облысының шығысында, Жамбыл облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жоғары өрт қаупі күтіледі.
Бұған дейін Қазгидромет Қазақстанда күннің жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштерден жоғары деп бағалаған еді.