
Астана соты мас болып көлік айдаған олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты үкім шығарды.
Сот дерегінше, спортшы бірден үш жол апатына себепші болған. Елеусінов алдымен жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соқтығысқан, одан әрі басқа автокөлікпен түйісіп, инерцияның әсерінен Kia Sportage және Toyota Hilux автокөлігіне соқтығысқан.
Тергеу дерегінше, спортшы жеңіл дәрежеде мас болған. Сот Елеусіновті жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырып, 20 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Ол өз кінәсін толық мойындады.
Бүгін таңертең олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйінде жол апатын жасап, қашып кеткені жайлы ақпарат тарады. Заңгер Жасұлан Рахымғалиев сөзінше, ол Достық көшесінің бойында, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығына қарама-қарсы тұста қолға түскен.
Данияр Елеусінов – қазақстандық әуесқой және кәсіпқой боксшы, 2016 жылғы Бразилиядағы Олимпиада ойындарының чемпионы, Азиада-2010 жеңімпазы, 2013 жылғы Алматы қаласында өткен әуесқой бокстан 69 келі салмақта әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері. Кәсіпқой боксқа ауысып, бастапқыда жақсы келе жатқанымен, кейінірек промоутерін ауыстырып, жекпе-жектерге сирек шығып кетті.