
Атырауда төрт адамды өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев соттағы соңғы сөзін айтты.
«Қылмыстық істе бәрін өзімді ақтау не марқұмдарды қаралау үшін емес, өз шындығымды дәлелдеу үшін айттым. Бір-біріне қарама-қарсы ешқандай сөз болған жоқ. Бір ғана шындығым – ешкімге жазықсыз, нақақтан-нақақ қастандық қылмадым. Ешкім анадан айуан боп тумайды. Әр адамның бойында ізгілік пен мейірімділіктің дәнегі болады. Менде сол дәнек құнарлы қара жерге емес, қара тастай қасарған қайын жұртқа түскендей болды.
Мен де тағдырымның тас-талқаны шыққанын қаламадым. Бала-шағамнан, әйелімнен айырылып қалуға қорқып, отбасым үшін жанкештілікпен күрескенім осындай қылмысқа әкелді», – деді Сұлтан Сәрсемәлиев.
Сәрсемәлиев жасаған қылмысын мойындап, өзіне екінші мүмкіндік беруді сұрады.
«Қателестім. Орны толмас өкініш. Мемлекетте ізгілік, мейірімділік қағидасы болса, екінші мүмкіндік берсе… Сұраудың өзі орынсыз шығар, бірақ шекті мерзімге жаза тағайындауды сұраймын. Өзім үшін емес, бала-шағам үшін сұраймын. Қандай жаза тағайындасаңыз да, разымын», – деді сотталушы Сәрсемәлиев.
Бұған дейін прокурор Мирас Бауыржанов Сұлтан Сәрсемәлиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.
Атыраудағы қылмыс
2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.
Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылды.
Полицияның хабарлауынша, бұрынғы ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.
