
Бүгін түнде футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатының алғашқы ширек финалдық кездесуі өтеді. Бостон стадионында Франция мен Марокко құрамалары жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Бұл жұптың жеңімпазы Испания – Бельгия матчының үздігімен кездесетін болады.
Араға төрт жылға жуық уақыт салып, Франция мен Марокко мундиалдың ширек финалында қайта жүздескелі тұр. Бұған дейін Қатарда өткен Әлем чемпионатында француздар 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Екі ұжым да турнир барысында әдемі ойын өрнегін көрсетіп келеді.
Француздардың сенімді аяқалысы
Дидье Дешам шәкірттері топтық кезеңді өте сенімді өткізді. Олар Сенегалды (3:1), Иракты (3:0) және Норвегияны (4:1) тізе бүктірді. Ал 1/16 финалда Швецияны 3:0 есебімен тас-талқан етсе, 1/8 финалда Парагвайдан басым түсті.
Парагвайға қарсы өткен ауыр матчта күннің ыстығы мен қарсыластың дөрекі ойынына қарамастан, француздар салқынқандылық танытты. Матч тағдырын Килиан Мбаппе пенальтиден соққан жалғыз гол шешті (1:0).
«Атлас арыстандарының» тарихи жорығы
Марокко құрамасы турнирді Бразилиямен өткен тартысты матчтағы тең ойыннан бастады (1:1). Одан кейін Шотландия (1:0) мен Гаитиді (4:2) ұтып, топтан шықты.
Плей-офф кезеңінде «Атлас арыстандары» алдымен Нидерландыны пенальти сериясында қапы қалдырса (негізгі уақыт – 1:1, пенальтиден – 3:2), 1/8 финалда турнир қожайындарының бірі – Канаданы 3:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.
Матчтан не күтеміз?
Франция бұл кездесуді фаворит ретінде бастайды. Оған себеп – Мбаппе, Олисе, Дембеле, Барколя және Дуэ секілді шеберлерден құралған шабуыл шебінің қуаттылығы. Алайда, Марокко Катардағы есені қайтарып, Африка құрлығының тарихында тұңғыш рет 19 шілдеде өтетін финалға жол тартуды көздейді.
Тартысты кездесуді бүгін түнде, сағат 01:00-де «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.