Жаңалықтар

Иран АҚШ-тың Кувейт, Бахрейн, Қатар және Иорданиядағы базаларына соққы жасады

Иран АҚШ-тың Кувейт, Бахрейн, Қатар және Иорданиядағы базаларына соққы жасады / Фото: Shutterstock

Иран Кувейт, Бахрейн, Қатар және Иорданиядағы американдық әскери нысандарға зымырандық соққы жасағанын жариялады. Тегеран бұл қадам ел аумағына жасалған американдық шабуылдардың жаңа толқынына жауап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.

9 шілдеге қараған түні АҚШ Иранға кезекті соққыларын жасады. Вашингтон бұл операцияның мақсаты үш жүк кемесіне жасалған шабуылдан кейін Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету болғанын мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл шабуылды «кек алу» деп атап, соғысты уақытша тоқтату туралы келіссөздердің бұдан былай өзекті еместігін мәлімдеді.

Бұған жауап ретінде Ислам революциясы күзетшілер корпусы Иорданиядағы АҚШ Әскери-әуе күштерінің бөлімшелері орналасқан Азрак авиабазасына 10 баллистикалық зымыран ұшырылғанын хабарлады. Иран әскерилері, сондай-ақ, Кувейт, Қатар және Бахрейндегі американдық нысандарға соққы жасалғанын мәлімдеді.

«Егер АҚШ тарапынан агрессия қайталанса, аймақтағы американдық базалар нысана болып қала береді», – деп мәлімдеді Ислам революциясы күзетшілер корпусы.

Иордания билігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері ирандық сегіз зымыранның көзін жойғанын хабарлады. Ресми мәліметтер бойынша, құрбандар мен қираулар жоқ.

Эскалация аясында Иран АҚШ-ты Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіруді бұзды деп айыптады. Тегеран кемелер қозғалысын соғысқа дейінгі деңгейдің шамамен жартысына дейін қалпына келтіру мүмкін болғанын, алайда жаңа соққылардан кейін мұнай танкерлерінің өтуі қайтадан толықтай дерлік тоқтап қалғанын алға тартуда.

Сонымен қатар, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Оман және Түркиядағы әріптестерімен келіссөздер жүргізді. Тараптар Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайды талқылап, қақтығыстың бұдан былай ушығуына жол бермеу үшін дипломатиялық арналарды пайдалануға шақырды.