
Halyk Bank «SHANYRAQ» атты жаңа тұрғын үй жинақ бағдарламасын іске қосты. Енді банк клиенттері 3 жыл ақша жинап, жылдық мөлшерлемесі 5%-дан басталатын ипотека ала алады. Бұл бағдарлама еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ үлгісіне ұқсас болғанымен, өзіндік ерекшеліктері мен маңызды шарттары бар.
Жинақтау кезеңі және депозит шарттары
Бағдарлама бойынша несие алу үшін ең алдымен жинақтау кезеңінен өту қажет. Тұтынушы Halyk SuperApp мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде теңгемен «SHANYRAQ» депозитін аша алады.
Сыйақы мөлшерлемесін есептеуді бастау үшін алғашқы жарна ретінде небәрі 5 000 теңге жеткілікті. Депозитті ашқаннан кейін оны мерзім бойы ешқандай шектеусіз толықтырып отыруға рұқсат етілген.
Депозиттің негізгі шарттарына сәйкес, салым мерзімі кемінде 36 айды (3 жыл) құрауға тиіс. Осы уақыт ішінде жиналған қаражатқа жылдық 2% мөлшерінде сыйақы қосылады, ал оның жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 2,02%-ға тең.
Банк тарапынан сыйақы ай сайын түсіп отырады. Несие алу құқығына ие болу үшін клиент болашақ баспана құнының кемінде 50%-ын жинап, банк белгілеген минималды бағалау көрсеткішін 16-ға жеткізуі міндетті.
Кредит қандай шарттармен беріледі
Жоғарыда аталған жинақтау талаптары толық орындалғаннан кейін, банк клиентке жылдық 5%-дан басталатын (жылдық тиімді несие мөлшерлемесі – ЖТСМ 5,1%-дан бастап) тұрғын үй займын ұсынады. Несие беру мерзімі – 10 жылға дейін. Сондай-ақ бағдарлама аясында сатып алынатын тұрғын үйдің ең төменгі құны 5 млн теңгеден кем болмауы керек.
Банк ипотеканы ұйымдастырғаны және рәсімдегені үшін ешқандай комиссия алмайды. Бөлінетін қарыздың нақты көлемі борышкердің төлем қабілеттілігіне байланысты есептеледі. Ал кепілзат ретінде банк талаптарына сай келетін алғашқы нарықтағы (жаңадан салынған) немесе екінші нарықтағы (ескі) тұрғын үйлер қабылдана береді.
Бастапқы жарнаны азайтуға немесе алмастыруға бола ма
Банктің ресми мәлімдемесіне сәйкес, егер клиенттің қолында баспана құнының тек 20%-ы ғана болса, бұл бағдарлама бойынша несие рәсімдеу мүмкін емес.
Келісімшарттағы соманың жартысын, яғни тура 50%-ын міндетті түрде депозитте жинақтау қажет. Сонымен қатар жетпей тұрған бастапқы жарна сомасын басқа бір жылжымайтын мүлікті қосымша кепілге қою арқылы алмастыруға рұқсат етілмейді.
Мемлекеттік сыйақы берілмейді
Жаңа бағдарламаның тетіктері нарыққа таныс «Отбасы банкінің» жүйесіне ұқсағанымен, мұнда ескеретін бірнеше маңызды айырмашылықтар бар. Ең бастысы, Halyk Bank-тің «SHANYRAQ» депозитіне мемлекеттік сыйақы төленбейді.
Тағы бір ерекшелігі, егер клиенттің бұл банкте бұрыннан келе жатқан ескі депозиттері болса, оларды жаңадан ашылған «SHANYRAQ» салымымен біріктіруге болмайды.
Демек, бұрынғы жинақтарды пайдаланып, ипотекаға жету жолын «қысқартып» немесе уақыт ұту мүмкіндігі қарастырылмаған. Сондықтан 3 жылдық мерзімді толықтай жаңа депозитте өткізу керек.
Бұған дейін Нұрбанк пен Freedom Bank тұрғын үй жинақ жүйесіне қосылып, 5 пайызбен ипотека беретінін хабарлаған.