
Ресейдің Омбы қаласында соғыс ардагерлеріне арналған госпиталь жанындағы гүлзарға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі – Кемел Тоқаевтың есімі беріледі.
Мұндай бастаманы аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы көтерген. Содан кейін Омбы қалалық кеңесі ұсынысты қолдаған.
«Бұл орынды таңдаудың символдық мәні бар: 1945 жылдың қысында ауыр жараланған сержант Кемел Тоқаев Омбыдағы госпитальға эвакуацияланған. Жергілікті дәрігерлер емдеудің сол кезең үшін озық әдістерін қолданып, оны аяғын кесіп тастаудан аман алып қалған. Соғыстан кейін Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушылардың біріне айналды. Госпиталь ғимаратында жазушыға арналған мемориалдық тақта орнатылған», – деп хабарлады қалалық кеңес.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қорғаныс министрлігі архивінен алынған гвардия сержанты Кемел Тоқаевты марапаттау парағын табыстады.
Одан бөлек 2025 жылы Қырғызстан астанасы Бішкектегі №33 мектеп-гимназиясына Кемел Тоқаевтың есімі берілді.