Жаңалықтар

Павлодардағы ұлттық парк аумағындағы өртті сөндіруге тікұшақ тартылды

Павлодардағы ұлттық парк аумағындағы өртті сөндіруге тікұшақ тартылды / Фото: Су ресурстары министрлігі

Бүгін, 9 шілдеде Баянауыл ұлттық паркінің аумағында өрт тіркелді, деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Өрт сағат 11.50-де Жасыбай орманшылығында басталған.

Оқиға орнына бірінші болып «Қазавиаорманқорғау» авиациялық қызметінің десантшылары жетті. Сағат 12.19-да олар өртті сөндіруге кірісті. Тілсіз жауды ауыздықтауға екі автоцистерна, үш шағын орман патрульдік кешені және тікұшақ жұмылдырылды.

«Өрт таулы, жартасты және баруы қиын жерде шыққандықтан, өрт орнына Семейден «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің тікұшағы жіберілді. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің борты ұшуға дайындалып жатыр», – делінген хабарламада.

Ведомство жағдайдың бақылауда екенін айтты.

Айта кететін жайт, биыл 3 маусымда Астана қаласында 13 қабатты тұрғын үй өртенді. Жедел қабылданған шаралардың арқасында жалын сөндірілген еді.