Қоғам

Сұлтан Сәрсемәлиев Құдай мен мемлекет заңын бұзғанына өкінетінін айтты

youtube.com/@kursivm, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
Сот жарыссөзі басталды/ фото: youtube.com/@kursivm, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Атырау сотында Сұлтан Сәрсемәлиев қылмысты не үшін істегенін өзі білетінін және жауапкершіліктен қашпайтынын айтты.

Айта кетейік, 9 шілдеде қылмыстық іс бойынша сот тергеуі аяқталып, сот жарыссөзі басталды. Жарыссөзде Сұлтан Сәрсемәлиев тергеуде, сот барысында бірдей жауап бергенін айтып, тағылған айыпты Алматы әуежайында мойындағанын жеткізді.

«…Не үшін істегенімді, қалай істегенімді білемін. Барлығын сот процесінде айттым. Өзімді ақтау үшін емес, қылмыстық іс ашылуы үшін айттым. Мемлекеттік айыптаушының айтып отырғанына қарсылығым жоқ», – деді Сәрсемәлиев.

Сөзінше, мұндай әрекетке бес баласын әке-шешесінен айырмау үшін барған.

«Мемлекеттің және Құдайдың заңын бұзғаныма өкінемін. «Өкінбеймін» деп еш жерде айтқан емеспін. Мемлекеттің кез келген жазасына дайынмын. Ешқандай таласым, қарсылығым жоқ. Сот қылмыстың салдарын ғана емес, себебін де саралап көрсе деймін. Адамнан айуан жасады. Оған дейін қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылған емеспін. Өз айтқандарымен жүргізгісі келді. Ауру әйелімді, дәрменсіз бес баламды пайдаланып, мені бопсалағасы келді», – деді Сұлтан Сәрсемәлиев сот жарыссөзінде.

Бұған дейін прокурор Мирас Бауыржанов Сұлтан Сәрсемәлиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Атыраудағы жұмбақ өлім

2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау облысы полициясы іс-түссіз жоғалған бір отбасының 4 адамына іздеу жариялады. Кейінірек полиция олардан бөлек осы отбасының қызы мен күйеу баласы да жоғалғанын мәлімдеді.

Атыраудағы трагедия | Сұлтан Сәрсемәлиев өлім жазасына да дайын | Бес баланы кім бауырына басты?

Оларды іздеу барысында ерлі-зайыпты Максот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның сүйегі өздері тұрған үй аумағынан табылды. Істе бастапқыда отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев күдікті деп танылды. Ал оның әйелі (жоғалған отбасының кенжесі – ред.) Ақбаян Мұқанғалиеваға хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша іздеу жарияланды

Полицияның хабарлауынша, бұрынғы ерлі-зайыпты Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиева 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпурдан (Малайзия) Бали аралына барған. Содан кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сонда тұрған.